Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы

Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) — ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1920-1930 жылдары ауылдық мектепте, кейіннен Қарқаралы қаласындағы мектепте оқыған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербор мемлекеттік униве рситеті) аспирантурасын тамамдаған. 1934-1951 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтында ассисент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болған.
О.Жәутіков 1945-1965 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1965-1969 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтының директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, 1969-1989 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының мүшесі, Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі болған.
О.Жәутіков математика ғылымын дамытуға және физика-математика білімдерін жетілдіруде зор үлес қосып, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлағаны үшін Октябрь революциясы, 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик-ғалым Орынбек Жәутіков 16 мамыр күні 1989 жылы қайтыс болды.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен академик-ғалым О.Жәутіковті мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі мен Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектебіне есімі берілген.
Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде үздік оқыған студенттерге арналып О.Жәутіков атындағы стипендия тағайындалған. Алматы қаласында ғалым О.Жәутіков тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.







